Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде есірткіге қарсы күрес мақсатында таэквондодан облыстық турнир басталды

Семейде есірткіге қарсы күрес мақсатында таэквондодан облыстық турнир басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде таэквондодан облыстық турнирдің салтанатты ашылуы өтті. Аталған спорттық дода "Спорт – есірткіге қарсы" ұранымен ұйымдастырылып, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында өткізілді.

Ашылу салтанатына Абай облысының барлық өңірлерінен келген жас спортшылар, жаттықтырушылар, спорт саласының ардагерлері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Турнирге қатысушылар өздерінің жоғары дайындық деңгейін, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, әділ бәсеке рухында сынға түсті. Абай облысы полиция департаменті үшін мұндай спорттық іс-шаралар профилактикалық жұмыстың тиімді тетігі болып табылады. Себебі спорт – жастарды теріс әдеттерден алшақтатып, тәртіпке, жауапкершілікке және мақсатқа жетуге тәрбиелейтін маңызды құрал.

Турнир аясында полиция қызметкерлері қатысушылар мен көрермендерге есірткіге қарсы бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, салауатты өмір салтының артықшылықтарын кеңінен насихаттады. Іс-шара барысында таэквондо спортының жас өрендерді физикалық тұрғыда шыңдап қана қоймай, рухани тәрбие берудегі маңызы ерекше екені атап өтілді. Жауапкершілік, өзін-өзі бақылау, қарсыласқа құрмет көрсету – бұл спорт түрінің негізгі қағидаттары.

Аталған құндылықтар жас ұрпақтың дұрыс бағытта қалыптасуына зор ықпал етеді. Турнирдің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Гаухар Еспаева қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Осы орайда спорт, мәдениет және білім беру салаларындағы бірлескен жобалар жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру