Семейде Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні аясында волейбол турнирі өтті
Семейде Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні аясында волейбол турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай жасөспірімдер арасында волейболдан тартысты турнир ұйымдастырылды. Шара салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге бағытталған.
Турнирге қаланың түрлі білім беру мекемелерінен жиналған 10 команда қатысты. Әр матч ерекше серпін мен қызу бәсекеге толы өтті. Қатысушылар спорттық шеберлікпен қатар, ауызбіршілік пен командалық рухты да көрсете білді. Жанкүйерлердің қолдауы жарыс көрігін қыздырып, қатысушылардың жігерін арттырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық жарыстар жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Олар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, спортты серік етуге үндейді.
Жеңімпаз командалар кубоктармен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Қатысушылар Абай облысы полиция департаментіне алғыс айтып, осындай игі бастамалар дәстүрге айналса деген тілектерін білдірді.
— Спорт – бұл тәртіп, күш және еркін таңдау құқығы. Біз салауатты өмірді таңдадық! – деді жарысқа қатысушылардың бірі.