Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде

Семей қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласы полиция басқармасы интернет-алаяқтыққа қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Аталған жұмыстар қала аумағындағы халық көп жиналатын сауда орталықтарында, базарларда, қоғамдық орындарда және көшелерде ұйымдастырылуда.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері азаматтарға интернет кеңістігінде жасалатын алаяқтық әрекеттердің негізгі түрлері жөнінде жан-жақты ақпарат береді. Атап айтқанда жалған интернет-дүкендер, банк қызметкері ретінде хабарласатын белгісіз тұлғалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын күмәнді хабарламалар туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тұрғындарға заманауи технологияларды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі кеңінен түсіндірілуде.

Полиция өкілдері жеке деректердің құпиялығына ерекше назар аударуға шақырып, банк картасының деректерін, бір реттік кодтарды, логин мен құпиясөздерді бөгде адамдарға берудің қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ интернет арқылы тауар немесе қызмет сатып алу кезінде ақпарат көзінің сенімділігін тексеру, күмәнді сілтемелерді ашпау және белгісіз қосымшаларды жүктемеу жөнінде нақты ұсынымдар берілуде.

Түсіндіру жұмыстары аясында тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратылып, интернет-алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жедел түрде полиция органдарына немесе "102" нөміріне хабарласу қажеттігі ескертілуде. Аталған шаралар халықтың сақтығын арттыруға және қылмыстардың алдын алуға бағытталған.

Полиция интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізетінін хабарлайды және қала тұрғындарын қырағылық танытып, заң талаптарын сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру