Семейде оқушыларға арналған "Қауіпсіздік сабағы" өтті
Абай облысында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ерекше форматтағы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №37 мектеп-гимназиясында құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқушыларға "Қауіпсіздік сабағы" тақырыбында ашық дәріс өткізді.
Шараға кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, криминалдық полиция бөлімінің маманы және учаскелік полиция инспекторы қатысып, оқушылармен еркін форматта — "ашық микрофон" үлгісінде пікір алмасты.
Кездесу барысында мына тақырыптар талқыланды:
-
Буллинг және кибербуллинг — мектепте және интернеттегі психологиялық қысым мен оның салдары;
-
Интернеттегі қауіптер — жалған аккаунттар, алаяқтық әрекеттерден қорғану жолдары;
-
Жол қозғалысы ережелері — жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен жол мәдениеті;
-
Құқықтық жауапкершілік — жасөспірімдердің құқықтары, міндеттері және заңға қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік.
Ашық әңгіме барысында балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан өмірлік маңызы бар кеңестер алды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заманауи қауіптерден қорғану жолдарын үйрету, полицияға деген сенімді нығайту және мектеп пен құқық қорғау органдары арасындағы серіктестікті дамыту.
– Қауіпсіздік – әр баланың басты құқығы. Балалармен ашық диалог орнату олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қауіпсіз орта құруға ықпал етеді, – дейді ұйымдастырушылар.