Семейде оқушыларға есірткінің зардабы туралы баяндалған деректі фильм көрсетілді
Семейде оқушыларға есірткінің зардабы туралы баяндалған деректі фильм көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы №3 мектепте есірткі қылмысының алдын алуға арналған ерекше кездесу өтті. Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жасөспірімдерге зиянды әдеттердің салдары мен заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіріп қана қоймай, темір тордың ар жағындағы ащы шындықты көрсетті.
Іс-шара барысында оқушыларға түзету мекемесінде түсірілген деректі фильм ұсынылды. Бейнематериалда есірткі саудасына қатысты қылмыс жасап, тағдырын талқан еткен сотталғандар өз оқиғаларымен бөлісті. Олар өткеніне өкініп, жастарды өз қателігін қайталамауға шақырды.
– Жасөспірімдер есірткі бизнесін оңай жолмен ақша табудың амалы деп ойлайды. Алайда бұл жолдың соңы – қайғы, түрме және тағдырдың күйреуі. Біз осындай кездесулер арқылы оқушыларға ой салғымыз, оларды қателіктен сақтандырғымыз келеді, – деп атап өтті Абай облысы ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Гаухар Еспаева.
Кездесу барысында оқушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойып, алған әсерлерімен бөлісті. Осындай іс-шаралар жас буынның есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастырудың маңызды құралына айналуда.