Семейде полицейлер оқушылар арасында жарыс ұйымдастырды
Семей қаласының полиция қызметкерлерінің қолдауымен "Динамо" спорт кешенінде мектеп оқушылары арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдерді спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Полицейлер жарысқа қатысушыларды қолдап қана қоймай, балалармен спорттың маңызы, құқықтық тәрбие және қауіпсіздік шаралары жайлы әңгіме жүргізді. Олар спорттың денсаулықты нығайтудағы және жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Жарыс барысында жас спортшылар өздерінің ептілігі мен төзімділігін көрсетті. Шара соңында барлық қатысушыға ұйымдастырушылар тарапынан тәтті сыйлықтар мен арнайы марапаттар табысталды.