Семейде полицейлер студенттер мен оқытушылардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды
Семей қаласында Қалматаев атындағы колледжде нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарымен күрес мәселелеріне арналған маңызды дөңгелек үстел өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға қаланың жетекші мамандары, оның ішінде Наркологиялық орталығының наркологы, АИТВ орталығы қызметкерлері, СОЦKZ қоғамдық қорының өкілдері, сондай-ақ Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының аға жедел уәкілі Гаухар Еспаева қатысты.
Сонымен қатар дөңгелек үстелде колледждің студенттері мен оқытушылары белсенді түрде сөз сөйледі. Кездесудің мақсаты – жастардың нашақорлық қауіптері туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ осы мәселемен күресу және алдын алу үшін тиімді әдістерді анықтау болды. Дөңгелек үстел қатысушылары жастар арасында әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және салауатты әдеттерді қалыптастырудың маңыздылығын талқылады.
– Бүгінгі күні нашақорлық сияқты маңызды мәселелер туралы жастармен ашық әңгіме жүргізу бұрынғыдан да өзекті болып тұр. Біз құқық қорғау органдарының өкілдері ретінде үнемі есірткі қылмыстарының алдын алу және жастарды қауіпсіз өмір салтына тарту бойынша жұмыс жүргізудеміз, – деп атап өтті Гаухар Еспаева.
Іс-шара нашақорлықтың алдын алу және жастардың денсаулығын сақтау бойынша білім беру бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.