Семейде полицейлер студенттерге кибергигиенаның маңызы жайлы профилактикалық дәріс өткізді
Семейде полицейлер студенттерге кибергигиенаның маңызы жайлы профилактикалық дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласы полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиев Alikhan Bokeikhan University заң факультетінің 150-ге жуық студентімен қауіпсіздік сабағын өткізді. Іс-шара жастардың цифрлық кеңістіктегі қауіп туралы түсінігін арттыруға бағытталды.
Кездесу барысында интернет-алаяқтық, дропперлік, сондай-ақ жастар арасында белең алып отырған есірткі қылмыстарымен байланысты негізгі қауіп-қатерлер кеңінен қозғалды. Полиция басқармасының бастығы кибергигиенаны сақтау — қылмыстың алдын алудағы маңызды құрал екенін атап өтті.
Сонымен қатар дропперлік, сталкинг және некеге мәжбүрлеу әрекеттері үшін жауапкершілік көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа баптар таныстырылып, олардың құқықтық мәні түсіндірілді.
– Цифрлық кеңістікте жасалатын қылмыстардың саны күн санап артып келеді. Жеңіл ақша көбіне заңсыз әрекеттерге жетелейді. Мұндай қадамдардың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін әрбір жас азамат терең түсінуі тиіс, — деп атап өтті Қайрат Әбдіғалиев.
Студенттерге заңсыз схемаларға қатысудың салдары, жеке деректерді қорғаудың маңыздылығы және цифрлық қауіпсіздік талаптарын елемеудің құқықтық тәуекелдері нақты мысалдар арқылы жеткізілді.
Кездесу қорытындысында полиция басқармасының бастығы жастарды заң талаптарын сақтауға, интернет кеңістігінде қырағылық танытуға және құқықтық әрі цифрлық сауаттылықты тұрақты түрде арттыруға шақырды.
