Семейде полиция қызметінің негізгі қағидаттары талқыланды
Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров жұмыс сапары аясында Семей қаласы полиция басқармасына барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1971 жылы салынған басқарма ғимараты осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпегендіктен, бүгінде оны қайта жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Бұған дейін мұнда орталық полиция бөлімі орналасса, қазіргі уақытта қалалық басқарма қызметкерлері де осы ғимаратта қызмет атқаруда.
Сапар барысында департамент бастығы басқарма бөлімшелерінің материалдық-техникалық жарақтануын тексеріп, қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысты. Сонымен қатар жеке құраммен кездесу өткізіп, жұмыс барысын талқылады. Жиын Семей қаласы полиция басқармасының акт залында басқарма аппаратының және үш полиция бөлімінің басшылығы мен қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
- Сіздер халықпен күнделікті тығыз байланыста қызмет атқарасыздар. Азаматтар сіздерге қарап, тек полицияның емес, жалпы мемлекеттік органдардың жұмысына баға береді. Сондықтан сыртқы келбет пен моральдық бейне әрдайым мінсіз болуы тиіс. Облыстық маңызы бар қалада қызмет ету – зор жауапкершілік. Басты міндет – халық сенімін ақтап, елге жақын болу, - деді өз сөзінде Эльдар Данияров.
Сонымен қатар департамент бастығы қызметтік тәртіпті қатаң сақтауды, өкілеттікті теріс пайдалануға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеуді тапсырды. Ар-намысқа кір келтірген қызметкерлерге заңның барлық талаптары толық көлемде қолданылатынын ерекше атап өтті.
Эльдар Данияров полиция қызметінің басты қағидаты – "Заң мен тәртіп" екенін айта келе:
- Заңды қатаң сақтау мен құқықтық нормаларды құрметтемей, Әділетті Қазақстанды құру және дамыту мүмкін емес. Бұл қағида – полиция қызметінің негізі, ол қоғамға қызмет ету, азаматтардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді айқындайды, — деді.
Сондай-ақ облыс полициясының бастығы полицейлердің еңбек жағдайын жақсарту, құқықтық тәртіп пен қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету үшін тиімді шаралар қабылданатынын жеткізді.