Семейде полиция қызметкерлері есепте тұрған азаматтармен кездесті
Семей қаласының полиция қызметкерлері есепте тұрған азаматтармен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шараға қалалық полиция бастығы Қайрат Әбдіғалиев тікелей қатысып, учаскелік инспекторлардың есебінде тұрған азаматтармен түсіндірме әңгімелер жүргізді. Кездесуге 100-ден астам есепте тұрған азамат шақырылып, олардың әрқайсысына заң талаптарын сақтау қажеттілігі туралы ескерту жасалды.
Жыл басынан бері қалада 1500-ден астам азамат профилактикалық есепке алынған. Алайда олардың арасынан сот белгілеген шектеулерді бұзған 10 азаматқа қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды (ШМББ) жою туралы шешім шығарылды. Бұл шара құқық қорғау органдарының «Заң мен тәртіп» қағидасын нығайтуға бағытталған және заңға бағынатын өмір салтын ұстанудың маңыздылығын еске салады.
Кездесу барысында Қайрат Әбдіғалиев нақты мысал ретінде есепте тұрған азаматтардың бірі туралы оқиғаны баяндады. Ол азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру кезінде тәртіп шектеулерін сақтамағаны анықталған. Түнгі уақытта көңіл көтеру орнында болып, ұялы телефон ұрлығын жасағаны үшін полиция қызметкерлерінің ұсынысымен сот оның «ШМББ» мәртебесін жойып, қайтадан түзеу мекемесіне жіберу туралы шешім қабылдаған.
– Әрқайсыңыз тек өздеріңіз үшін ғана емес, отбасыңыз бен жақындарыңыз үшін де жауаптысыздар. Алдағы мерекелер бейбітшілік пен тыныштық уақыты болып, ойланбаған әрекеттерге жол берілмесін деп тілеймін, – деді Қайрат Әбдіғалиев.
Семей қаласының полиция департаменті жаңа жыл қарсаңында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында күшейтілген режимде жұмыс жүргізетінін мәлімдеді. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы осындай шаралар қоғамның қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.