Семейде пробация қызметі Ресей Федерациясының азаматына көмек көрсетті
Семей қаласының пробация қызметі Ресей Федерациясының азаматына көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
50 жастағы Ресей Федерациясының азаматы пробация қызметіне тіркеуге тұрып, әңгіме барысында оның онкологиялық аурумен ауыратыны, туыстарының жоқтығы және тұрақты мекенжайы жоқ екені белгілі болды. Құжаттарды тексеру кезінде оның Ресей паспортын мерзімі өтіп кеткені анықталды.
Пробация қызметкерлері оның емделуіне және мекенжайы мәселесін шешуге көмек көрсетуге ниет білдірді, бірақ ол үшін құжаттар қажет болды. Осылайша, пробация қызметі жауапкершілікті өз мойнына алып, Ресей Федерациясының елшілігіне сотталғанның паспортын қалпына келтіру жөнінде көмек сұрап жүгінді. Елшілік тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында ол жаңа паспорт алып, емделу мүмкіндігіне ие болды.
– Бірнеше ай бұрын мен ешқандай үмітсіз, көмек сұрайтын адам болдым, көшеде өмір сүріп жүрдім, бірақ енді емделіп жүрмін, мені бейімделу орталығына орналастырды. Туыстарым жоқ, анам менімен байланысқысы келмейді. Маған осы қиын уақытта көмек көрсеткен қызметкерлерге рақмет, – деді жазасын өтеп жатқан азамат.
Бұл оқиға мемлекеттік құрылымдардың қиын жағдайдағы адамдарға көмек көрсетуінің маңыздылығын көрсетеді.
– Әрбір адамның медициналық және құқықтық көмек алуға құқығы бар екенін ескеру қажет, – дейді Семей қаласының Затон ауданындағы пробация қызметі бөлімінің бастығы Ерлан Қадірманов.