Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде пробация қызметі сотталған азаматқа әлеуметтік көмек көрсетті

Семейде пробация қызметі сотталған азаматқа әлеуметтік көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласының 38 жастағы тұрғыны алимент төлеуден жалтарып келген. Соның салдарынан ірі көлемде қарыз жиналып, сот шешімімен оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жаза өтеу кезеңінің барлық мерзімінде жыл сайын жүз сағат қоғамдық жұмыстарға тарту белгіленді.

Сотталған азамат Семей қаласы Затон ауданының пробация қызметіне есепке қойылды. Есепке қою барысында онымен тәрбиелік және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әңгіме барысында ол денсаулығына байланысты мәселелері бар екенін, жеке куәлігі мен тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ екенін, сондай-ақ ата-анасы қайтыс болғаннан кейін мұраға қалған тұрғын үйді рәсімдеу үшін заңгерлік көмекке мұқтаж екенін хабарлады.

— Ажырасқаннан кейін мен ішімдікке салына бастадым. Ол кезде өз қалауыммен өмір сүру отбасыдан, жұмыстан және жауапкершіліктен маңыздырақ болып көрінді. Ұлымды да, ертеңгі күнімді де ойламадым. Ал есімді жиған кезде бәрі кеш болды: денсаулығым нашарлады, құжаттарым жоғалды, жұмыссыз қалдым, ата-анам қайтыс болған соң баспанасыз қалуға шақ қалдым. Бүгін мен өз өмірімді өз қолыммен құртқанымды түсініп отырмын. Егер пробация қызметкерлерінің көмегі болмағанда, бәлкім, түбегейлі тығырыққа тірелер едім. Қазір менде бәрін түзетуге мүмкіндік бар — жұмысқа орналасып, алимент қарызын өтеуге, балам мен отбасымның сенімін қайтаруға. Олардың мені кешіруі үшін бар күшімді саламын, — деп бөлісті сотталған азамат.

— Біздің басты міндетіміз — сотталғандарды тек бақылау ғана емес, сонымен қатар оларға әлеуметтік бейімделуде нақты көмек көрсету. Бұл жағдайда адам құжатсыз, баспанасыз және жұмыссыз қиын өмірлік жағдайға тап болды. Біз оған жоғалған құжаттарын қалпына келтіруге, тіркеу рәсімдеуге және заңгерлік кеңес алуға көмектестік. Бұл оның жұмысқа орналасуына, алимент төлеуді бастауына және қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді. Мұндай мысалдар пробацияның тек жаза емес, түзелуге берілген мүмкіндік екенін көрсетеді, — деп пікір білдірді Семей қаласы Затон ауданы пробация қызметі бастығының орынбасары Ерик Усербаев.

Пробация қызметінің жұмысы сотталған азаматтардың қоғамға заңға бағынатын тұлға ретінде қайта оралуына, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруіне және отбасы мен мемлекет алдындағы міндеттерін орындауына бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру