Семейде ҚАЖД мекемелерінің өнімдері қайырымдылық жәрмеңкесіне қойылды
Семейде ҚАЖД мекемелерінің өнімдері қайырымдылық жәрмеңкесіне қойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы сауда орталықтарының бірінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде дайындалған өнімдердің қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету және әлеуметтік қолдауға бағытталған бастамаларды қолдау.
Жәрмеңке барысында сотталғандардың еңбегінің нәтижелері әрі олардың кәсіби дағдыларды меңгеру деңгейі кеңінен таныстырылды. ҚАЖД мекемелерінің өндірістік цехтарында жасалған ағаш және металл бұйымдары, тоқыма өнімдері, тұрмыстық заттар мен түрлі сувенирлер келушілердің назарына ұсынылды.
Көрмеде әсіресе қолөнер туындылары мен ұлттық музыкалық аспаптар үлкен сұранысқа ие болды. Бұл бұйымдар кәсіптік бағдар бойынша оқытылып жатқан сотталғандардың өз қолынан шыққан еңбектің нәтижесі. Келушілер сапалы әрі қолжетімді өнім сатып ала отырып, қайырымдылыққа үлес қосуға мүмкіндік алды.
- Жәрмеңкеде ұсынылған әр бұйым – сотталғандардың адал еңбегінің, жаңа дағдыларды игеруге деген ниеті мен түзелуге ұмтылысының көрінісі. Өндірістік процесс олардың жауапкершілігін арттырып, қоғамға пайдалы болуға жол ашады, – деді №20 мекеменің сотталғандарды еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Қуанышбек Туканов.
Жиналған барлық қаражат аз қамтылған отбасыларға, қарт адамдарға және өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталмақ. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар ҚАЖД мекемелеріндегі еңбектің маңызын айқындап қана қоймай, оның әлеуметтік ықпалын күшейтетінін атап өтті.
Жәрмеңке жылы, достық атмосферада өтіп, ҚАЖД қызметкерлерін, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін және қала тұрғындарын біріктірді. "Ізгілік жәрмеңкесі" ортақ әрекеттің мұқтаж жандарға нақты көмек бола алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
