Семейде ҚАЖД мекемесінде балаларға арналған шахмат турнирі өтті
Семейде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ҚАЖД №21 мекемесінде шахмат турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Абай облысы бойынша ҚАЖД №21 мекемесі қызметкерлерінің балалары арасында шахматтан жарыс өтті. Бұл зияткерлік сайыс №21 мекемесі мен "Абай дарыны" шахмат клубының бірлескен ұйымдастыруымен өткізілді.
6 мен 10 жас аралығындағы 12 жас шахматшы тақта үстінде өзара мықтыны анықтап, ақыл мен тапқырлықтың қызықты бәсекесіне түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер марапатталып, кейбір қатысушылар бірде-бір партияда жеңілмей, өз шеберліктерін толықтай дәлелдей алды. Мәселен, бар болғаны 6 жастағы Дария Каблакасова (әкесі Даурен Сүлейменов – мекеме бастығының кезекші көмекшісі) тартысты ойын көрсетіп, қола жүлдеге ие болды. Әсіресе, ол үшін Айсулу Исмаиловамен болған кездесуі ерекше есте қалды. Ақыры Дария іріктеу кезеңінің үшінші орнына тұрақтады.
Ал Айсулу Исмаилова (8 жас) күміс жүлдеге ие болды. Оның анасы – мекеменің кадр жұмысы бөлімінің бастығы Гүлнар Исмаилова. Айсулу өз партияларында сенімді ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орынды ешкімге бермеді.
Байқаудың абсолют жеңімпазы 9 жастағы Бекзат Каблакасов атанды. Ол барлық ойындарда жеңіске жетіп, өзінің шахматтағы жоғары деңгейін паш етті. Ең жылдам партияны да Бекзат өткізді – бар болғаны екі минутқа жетпей, қарсыласына "балалар матын" жасап, жеңіске жетті. Айта кетерлігі, оның әкесі де – Даурен Сүлейменов – әуесқой шахматшы.
– Бұл жарыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Балалардың тақта үстіндегі қимыл-қозғалысы, ойлау қабілеті мен тапқырлықтары тәнті етті. Кейбір ойын сәттері ересектердің де аңдамаған тактикаларын көрсетіп, балалардың ерекше қабілеттерін дәлелдеді. Мұндай бәсекелер балалардың дамуына үлкен серпін береді. Біз бұл бағытты ары қарай да қолдап, дамытамыз, – деді тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің бастығы Гүлнар Исмаилова.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды.
Бұл шахмат сайысы балалардың ой-өрісін кеңейтіп, зейін мен шыдамдылықты дамытуға үлкен үлес қосты. Мұндай іс-шаралар жас жеткіншектердің болашақ табыстарына бастар жол екені анық.