Семейде ҚАЖД қызметкерлері дағдарыс жағдайындағы жас аналарды қолдады
Семейде ҚАЖД қызметкерлері дағдарыс жағдайындағы жас аналарды қолдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері Семей қаласындағы "Ана үйінде" "Жаңа Мен" әлеуметтік жобасын жүзеге асырды. Бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерді қолдауға бағытталған.

Бүгінде "Ана үйінде" жасы 18 бен 40 аралығындағы оннан астам әйел тұрып жатыр — олардың кейбірі жүктіліктің соңғы кезеңінде, ал кейбірі жаңа туған сәбилерін тәрбиелеуде. Алты ай бойы оларға әлеуметтік, психологиялық және тұрмыстық көмек көрсетіледі. Мамандар құжаттарды қалпына келтіруге, туыстарымен қарым-қатынасты реттеуге және дербес өмірге дайындалуға жәрдемдеседі.
Жоба аясында мекеме қызметкерлері психологпен бірлесіп психологиялық қолдау көрсету бойынша тренинг өткізді. Қатысушылар мазасыздықты еңсеру жолдарын талқылап, өзін-өзі реттеу тәсілдерін меңгерді және өз-өзіне сенімділікті арттыруға қатысты ұсыныстар алды.

Әсіресе жылы лебіздер мен қолдаудан кейін әйелдердің өз-өздеріне және болашақтарына жаңаша көзқараспен қарауы әсерлі сәт болды.
— Мен 18 жастамын, балалар үйінде өстім, ата-анамды ешқашан білмедім. Бала кезімнен өз отбасым болып, балаларыма өзім армандаған ана болсам деп қиялдайтынмын. Балалар үйінен шыққан соң бір жігітпен таныстым, бірақ жүктілігімді білгеннен кейін ол мені тастап кетті. Біраз уақыт құрбымның үйінде тұрдым, алайда ұлым дүниеге келген соң, оның пәтерінде бізге орын жоқ екенін айтты. "Ана үйі" туралы кездейсоқ естіп, көмек сұрап осында келдім. Мұнда бізді жылы қабылдап, қолдау көрсетті. Қазір ұлыммен бірге осында тұрып жатырмыз, ұжымымыз тату, бір-бірімізге бала күтімі жөнінде кеңес беріп көмектесеміз. Бүгінгі мекеме қызметкерлерінің назары біз үшін жағымды тосынсый болды. Жаныңда туған-туыс болмаған кезде, жылы сөз бен қолдау ерекше бағалы екен. Психологпен әңгімеден кейін өзіме және баламның болашағына деген сенімім артты, — деді жас ана.
— "Жаңа Мен" жобасының мақсаты — қиын өмірлік жағдайға тап болған әрбір әйелдің қолдау сезініп, өз күшіне сенуіне ықпал ету. Осындай сәттерде жанынан тыңдап, көмектесіп, болашаққа үміт сыйлайтын адамдардың болуы өте маңызды, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Нұрболат Сапарғалиев.
Әлеуметтік жоба 8 наурыз қарсаңындағы мерекелік бастама ғана емес, сонымен қатар қолдау мен жанашырлық адамның өмірін өзгертіп, жаңа парақтан бастауға мүмкіндік беретінін еске салды.
