Семейде сотталған азамат некесін қиды
Семейде сотталған азамат некесін қиды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
АХАЖ бөлімінің қызметкері қауіпсіздігі орташа мекемесіне арнайы барып, Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес жастардың некесін қиды. 24 жастағы сотталған 20 жастағы сүйіктісімен отау құрды.
Сотталған жазасын Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның №20 мекемесінде өтеуде. Мекемеге келген күннен бастап қызметкерлер тәрбие және түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әңгіме барысында сотталған жүріп жүрген қызының бар екенін және үйленуді жоспарлағандарын айтып, мекеме қабырғасында неке қию шарттары туралы сұрады.
Отбасын құру көп жағдайда түзелу жолына түсуге себепші болады. Неке қию салтанатына мекеме қызметкерлері де қатысты. Мекеме бастығының орынбасары Серік Жапнгасканов жас отбасын құттықтап, отбасылық бақыт тілеп, тез бостандыққа шығуына тілектестік білдірді.
– Біз үш жыл бұрын танысқанбыз, кездесіп жүргеніміз туралы біздің ата-аналарымыз білді және үйлену тойына дайындық та басталып кеткен, тойға бір ай қалғанда мен бас бостандығымнан айырылдым. Енді 8 жылдан кейін ғана сүйгеніммен табысамын ғой деп қатты көңілі-күйім түсіп жүрген, сүйіктіммен заңды некемізді қиюға мүмкіндік берген мекеме әкімшілігіне алғысым шексіз, – деді сотталған.
2024 жылы Абай облысы бойынша 43 сотталған некелерін қиғызса, осы неке жаңа жылда алғашқы қиылған неке болды.