Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде Ұлттық ұланның әскери қызметшісі тұрғындарды өрттен құтқарды

Ұлттық ұлан сержанты семейлік тұрғындарды ірі апаттан құтқарып қалды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Семейде болған төтенше жағдай кезінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің сержанты Қайрат Әділханов ерлік танытып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. 

22 тамыз күні шағын ауданда көпқабатты үйлердің бірінде өрт шыққан. Түтінді байқап қалған әскери қызметші еш ойланбастан әрекетке көшкен. Пәтер есігі жабық болғандықтан, ол төртінші қабаттағы балконнан төмен түсіп, үшінші қабаттағы өртеніп жатқан пәтерге кірген.

Сержант жалынның ортасынан газ баллонын шығарып үлгерді. Егер ол жарылған жағдайда, қайғылы жағдайдың болары анық еді. Қ.Әділхановтың жедел қимылының арқасында жарылыс болған жоқ және тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.

— Осындай кезде ең маңыздысы – адамдардың амандығы. Кез келген жауынгер осылай істер еді, — деді әскери қызметші.

Оқиға орнында қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру