Семейде жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті
Семейде жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖД орта қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері Абай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, "Мұрагер" әкелер клубы аясында Семей жоғары көп салалы колледжінің студенттері арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың есірткі құралдарын тұтынуға деген тұрақты теріс көзқарасын қалыптастыру, сондай-ақ құқықтық және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру болды. Іс-шара барысында студенттерге есірткінің зияны, оның адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізетін зардаптары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Заңсыз есірткі айналымы мен оны қолданудың құқықтық салдарына ерекше назар аударылды. Мамандар білім алушыларға қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіріп, есірткі қылмыстары үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы еске салды. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстанудың, белсенді өмірлік ұстанымның және қоршаған ортаның жағымсыз ықпалына қарсы тұра білудің маңызы айтылды.
– Нашақорлықтың алдын алу – бір реттік шара емес, жастардың дұрыс өмірлік бағдарларын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Біздің міндетіміз – студенттерге салауатты өмір салты, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау және заңды құрметтеу табысты болашақтың негізі екенін жеткізу, – деді сотталғандармен тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Мақсат Серікханов.
– Мұндай кездесулер дұрыс емес таңдаудың салдары туралы ойлануға мәжбүр етеді. Біз көптеген пайдалы ақпарат алдық және өз денсаулығымыз бен болашағымызды қорғаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік, – деп бөлісті колледж студенті.
Өткізілген кездесу студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, нашақорлықтың алдын алу мен жастар арасында заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға маңызды үлес қосты.
