Семейде ЖКО-ны азайту және жол инфрақұрылымын жақсарту шаралары талқыланды
Семейде жол-көлік оқиғаларын азайту және жол инфрақұрылымын жақсарту шаралары талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының әкімдігінде құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Талғат Мұратов, Семей қаласының полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Әбдіғалиев, қала прокуроры Дәулет Кенжебеков және бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалы ережелерінің сақталуын бақылау мәселелері қарастырылды.
Семей қаласының полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиев өз баяндамасында қаладағы көлік қозғалысының айтарлықтай артқанын атап өтіп, жол қауіпсіздігін күшейту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, “Сергек” жүйесінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылдан бері қала көшелеріндегі көлік саны үш есеге артып, тәулігіне 44 мыңнан 135 мыңға дейін жеткен. Бұл жол инфрақұрылымына жүктеменің артуына, көлік кептелістерінің көбеюіне және жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне себеп болып отыр.
— Жол инфрақұрылымын дамыту – ең алдымен, азаматтарымыздың қауіпсіздігі. Бізге жол-көлік апаттарының алдын алып, қозғалысты жақсартуға мүмкіндік беретін кешенді шешім қажет, – деді қала әкімі.
Қала әкімі полиция бастамасын қолдап, жобаны жүзеге асыру бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырды.