Семейдегі колонияда сотталған тігінші шеберлік сабағын өткізді
Семейдегі колонияда сотталған тігінші шеберлік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының 40 жастағы тумасы, адам ұрлағаны үшін, сот үкімімен берілген 8 жылдық бас бостандығынан айырылған жазасын осы колонияда өтеп жатыр. Шеберлік сабағында ол сотталғандарға бұйымдарды пішу және тігу дағдыларын көрсетті. Сабақ барысында қос инемен сыртқы бөлшектерді, жиектерді, ілмектерді және түймелерді өңдеуді, күрделілігі орташа тігуді орындауды, сондай-ақ оқшаулағыш материалмен жұмыс жасауды көрсетті.
Үлгі киімдерді киетін модельдер ретінде екі сотталған таңдалынып алынды.
– Сотталған Б. колонияға осы жылдың жазының аяғында келді. Шеберлік сабағын өткізуге көмек көрсетуді сұрап, мекеме әкімшілігіне жазбаша өтініш берді. Оның қолының өнеріне тәнті болған мекеменің комиссиясы, оны тігін цехына жұмысқа орналастыру туралы шешім қабылдады, – деп түсіндірді мекеме бастығының орынбасары Мақсат Иксанов.
– Менің отбасымда тігуді меңгермеген жан жоқ, атам, әкем, шешем жақсы тігіншілер. Бұл кәсіпке шебер қолымнан бөлек, жан-тәнімді, талантымды саламын. Өмірімді түзеп, жалған достармен араласып адасқанда, айырылып қалған отбасым мен баламды қайтарғым келеді. Сүйікті ісіммен айналысуға үмкіндік берген мекеме басшылығына алғыс айтамын, – дейді сотталған Б.