Семейдегі колонияда жазасын өтеуші дүниеге сәби әкелді
Семейдегі колонияда жазасын өтеуші дүниеге сәби әкелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
№21 мекемеде әйелдің бас бостандығынан тыс босануы осымен екінші рет тіркеліп отыр. Семей қаласының 30 жастағы тұрғыны Татьяна (аты-жөні өзгертілді) жасаған жазасының жарты жылға жуық мерзімін Абай облысындағы қылмыстық-атқару жүйесінің колониясында өтеп жатыр. Осылайша, әйел жүкті кезінде мекемеге түскен. Қызметкерлер айелді жедел түрде қалалық перзентханаға жеткізді. Дүниеге келген ұл бала – отбасында үшінші бала. Босану асқынусыз өтті, нәрестенің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық.
– Балалар менің қайда екенімді әлі білмейді. Мені жұмыста деп ойлайды, күтіп отыр. Қазір олар күйеуім мен оның ата-анасының қасында, – деді сотталған әйел.
Мекемеде үнемі медициналық қызметкер жұмыс істейді. Жазасын өтеп жатқан сотталғандардың медициналық көмек алуға толықтай құқықтары бар.
– Мұнда оларға міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсетіледі, бірақ сотталғандар мекемеге полиссіз, төлқұжатсыз кірсе де, оларға уақыт өте келе бұл құжаттар рәсімделеді. Көбінесе сотталғандар жүкті болып келеді: кейбірі бізге келгеннен кейін босанады, ал кейбірі бала туғанға дейін босатылады. Келіншектер акушер-гинекологтың бақылауында тұрады, – деді мекеме басшысы Аслан Нурбеков.