Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейдегі мекемеде типография және полиграфиялық қызмет көрсету кәсіпорны ашылды

Семейдегі орта қауіпсіздік мекемесінде типография және полиграфиялық қызмет көрсету кәсіпорны ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласындағы орта қауіпсіздік мекемесінде типографиялық және полиграфиялық қызмет көрсетумен айналысатын жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастады. Жобаның басты мақсаты – сотталғандарды жұмыспен қамту және олардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету.

Бүгінгі күні мұнда он адам тұрақты жұмыс істейді, тағы бес адам сынақ мерзіміне қабылданған. Еңбекақы сдельдік жүйемен төленеді, бұл жұмысшыларды тапсырыстардың сапасы мен тиімділігін арттыруға ынталандырады.

- Тапсырыстар көлемі артқан жағдайда штат кеңейтіледі. Бұл көбірек сотталғандарды еңбекпен қамтуға, сонымен қатар олардың кәсіби дамуына және бостандыққа шыққаннан кейінгі табысты әлеуметтенуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Еңбекпен қамту – бұл сұранысқа ие өнім шығаруға қосқан үлес қана емес, сонымен қатар адамдарды қоғамға толыққанды өмірге қайтаруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Серік Жаңасқанов.

– Мекемеде отырғаныма бес жыл болды. Бостандықтан айырылғаннан кейін әйелім менен ажырасып кетті, қазір жеті жасар қызым үшін алимент төлеп жүрмін. Маған ұнайтын жұмысты тапқаныма қуаныштымын. Бостандықта жүргенде сурет салумен айналысатынмын, қазір осында отырып, тапсырыс орындап, мыңдаған адам көретін жұмыстарға үлес қосып жүргеніме мақтанамын. Бұрын кенепке қылқаламмен салатынмын, ал қазір уақыттың орнында тұрмайтынын, техниканың адамның орнын баса алатынын көріп отырмын. Әуелде қиындау болды, бірақ қазір жұмысым қанағат әкеледі. Екі жылдан кейін жазам аяқталады, өзімнің жеке цехымды ашып, отбасымды қайта тапқым келеді, – деп бөлісті сотталған.

Жалпы, мекемеде он екі жеке кәсіпкерлік пен үш ЖШС жұмыс істейді. Олар сұранысқа ие өнімдерді шығарады: дәретхана қағазы, шаруашылық сабын, ұлттық ағаш ыдыс-аяқ, сондай-ақ бөдене өсірумен айналысады. Сотталғандардың меңгерген кәсіби дағдылары еңбек нарығында сұранысқа ие болып, бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге бейімделуіне көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру