Сенат депутаттары Қызылорда облысының полицейлерімен кездесті
Сенат депутаттары Қызылорда облысының полицейлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысына іссапармен келген Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов тәртіп сақшыларымен кездесті. Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен жүздесіп, еліміздің тыныс-тіршілігі, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады. Полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты.
Сенаторлар кездесу барысында өзекті мәселелер тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар қауіпсіздігі, сондай-ақ вандализмге жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша қабылданған заңдардың ережелерін түсіндірді.
– Қоғамдық тәртіпті нығайту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғау – ішкі істер органдары қызметінің басты мақсаты. Біз, Сенат депутаттары ретінде ұлттық заңнаманы жетілдіру арқылы осы бағытта жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Наурызбай Байқадамов.
Айта кетерлігі, қызылордалық тәртіп сақшыларының тиянақты жұмысы өз жемісін беріп, алдын алу жұмыстарын күшейту нәтижесінде өңірімізде қылмыс деңгейі азайды.