Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сенат депутаты Ақтөбе облыстық полиция департаментіне барды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында облыстық полиция департаментінің жеке құрамымен және қызметтік инфрақұрылыммен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сапар барысында Сенат депутаты жергілікті полиция органдарының қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жоғары деңгейде материалдық-техникалық жарақтандырлған және тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ол құқық қорғау қызметкерлері тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың барлығы өзінің жеке бақылауында болатынын және олар бойынша нақты шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов өңірдегі криминогендік жағдай жөнінде баяндама жасап, қазіргі таңда облыстағы жедел және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екенін айтты. Сонымен қатар полиция тарапынан интернет-алаяқтықпен күрес, жастар арасында деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу, есірткі айналымына қарсы іс-қимыл және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.

Жыл басынан бері 246 әйелге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп, 99 баламен 43 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылған. Полиция департаментінің жеке құрамы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Заң және Тәртіп" қағидатын жүзеге асыру бойынша барлық тапсырмаларды орындауға дайын екендігін жеткізді. Сенат депутаты сапар барысында жаңадан құрылған жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасымен жабдықталған және құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жедел әрекет етуге, қала мен аудан аумақтарында қоғамдық қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Амангелді Нұғманов полиция қызметінің сервистік модельге көшуін, халықпен кері байланыстың жаңа форматта ұйымдастырылуын, сондай-ақ учаскелік инспекторлардың жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталған бастамаларды жоғары бағалады. Сонымен қатар ол қылмыстық іс қозғауға дейінгі тексеру институтын қалпына келтіру мәселесінің маңыздылығын атап өтті және осы бағыттағы реформалар бойынша пікір алмасты.

Кездесу барысында Сенат депутаты құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталып өтті. Ол өзінің сөзінде адам құқықтарын қорғау – тек қағидат емес, әрбір полиция қызметкерінің күнделікті әрекетінде көрініс табуы тиіс екенін баса айтты. Депутат Конституцияда белгіленген адам өмірі мен бостандықтарының үстемдігін, Қылмыстық-процестік кодексте бекітілген заңдылық, кінәсіздік презумпциясы және жарыспалылық қағидаттарының толық сақталуын қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

Амангелді Нұғманов тәртіп сақшыларын адам құқықтарын құрметтей отырып, заңдылықты мүлтіксіз сақтау мен процеске қатысушылардың сенімін арттыруға шақырды. Оның пікірінше, бүгінгі реформалар шектеу емес, құқық қорғау жүйесін жетілдіру үшін беріліп отырған нақты құрал.

Депутат Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұжымына кәсіби қызметінде табыс тілеп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру