Сенат қабылдаған заңнамадағы негізгі өзгерістерге ІІМ-де түсіндірме берілді
Жаңа заңнамалық бастамалар бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов баяндама жасады. Сөз Мемлекет басшысының "Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы" Жарлығын іске асыру аясында Парламент Сенаты қабылдаған заң туралы болып отыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құжат 23 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді және қайталанатын функцияларды жоюға, сондай-ақ құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Негізгі өзгерістер мыналарды қамтиды:
Полиция құрылымын оңтайландыру. "Жергілікті полиция қызметі" ұғымы ескірген ретінде заңнамада алынып тасталады. Оның орнына екі жаңа басқарма құрылады:
– Профилактика басқармасы (кәмелетке толмағандармен жұмыс, табиғатты қорғау полициясы, учаскелік инспекторлар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау);
– Қоғамдық және жол қауіпсіздігі басқармасы (патрульдік полиция және жол-техникалық инспекция).
Бұл қайталанатын функцияларды жойып, құқықбұзушылықтың алдын алу тиімділігін арттырып, басқару құрылымын жеңілдетеді.
Азаматтықтан айырылғандарды тіркеу тәртібін жеңілдету. Азаматтықтан айырылу фактісін ішкі істер органдарында, оның ішінде уақытша тұрып жатқан адамдарға да тіркеуге мүмкіндік беріледі. Бұл көші-қон есебінің ашықтығын арттырып, қос азаматтық жағдайларын болдырмауға ықпал етеді.
ІІМ-нің арнайы мекемелерінің жұмысын жаңғырту. Қажет болған жағдайда Қазақстаннан шығарылуы тиіс шетелдіктер қабылдап-тарату орындарында уақытша бола алады. Барлық мекемелерде ұстаудың жеке жағдайлары қамтамасыз етіліп, санитариялық нормалар сақталады. Сондай-ақ 2025 жылғы қыркүйектен бастап, "қоғамдық жұмыстар" шарасы енгізіледі, бұл "әкімшілік қамауға алу" санкциясын тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қолдау. 1991 жылғы 16 желтоқсаннан 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне ай сайынғы ақшалай төлемдер төлеу үшін құқықтық негіз енгізіледі. Бұл механизм Үкімет қаулысымен реттеледі және ведомствоаралық сипатқа ие. Көмек қолданыстағы заңнама аясында тұрақты түрде көрсетілетін болады.
Өнеркәсіптік мақсатта қарасора өсіруді реттеу. Қарасораны өсіру ережелері мен рұқсат етілген ТГК деңгейін белгілеу бойынша Үкіметтің өкілеттіктері нақтыланды. Өнеркәсіптік қарасора құрамында естен тандыратын заттар жоқ және есірткі айналымы тұрғысынан қызығушылық тудырмайды. Тұқым себуден бастап, өңдеуге дейінгі барлық кезеңдер мемлекеттік бақылауда болады. Бұл өңдеу өнеркәсібін дамытуға және салаға инвестиция тартуға жағдай жасайды.
Тұрғын үй саясатын өзектендіру. Құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін ұсыну ережелеріне бірқатар түзетулер енгізіледі:
– алушылардың ауқымы кеңейтіледі;
– ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі енгізіледі;
– жалға алу төлемдерін пайдалану мерзімдері нақтыланады;
– жалға алу шарттарын міндетті тіркеу тәртібі енгізіледі;
– жұмыстан босатылған кездегі төлемдерді есептеу бойынша бірыңғай қағидалар белгіленеді. Сондай-ақ 20 жылдан астам қызмет өтілі бар қызметкерлер үшін қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру құқығы бекітіледі. Бұл шаралар тұрғын үй мәселелерін әділ және мақсатты түрде шешуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық орындарда бет-әлпетті әдейі жасыруға тыйым салу. Медициналық немесе кәсіби себептерді қоспағанда, бет-әлпетті әдейі жасыруға (маска, шарф, балаклава арқылы) тыйым енгізіледі. Соңғы бес жылда бет-әлпетті жасыру арқылы жасалған 100-ден астам ауыр қылмыс (тонау, қарақшылық, бұзақылық, тұлғаға қарсы қылмыстар) тіркелген. Бұл түзету бейнебақылау және бет-әлпетті тану жүйелерінің тиімділігін арттыруға, бұзушылық жасаған тұлғаларды жедел анықтауға ықпал етеді.
Бұл – профилактикалық сипаттағы шара. Мұндай нормалар әлемнің бірқатар елінде бұрыннан қолданылады.
- Аталған түзетулер – бұл мемлекеттік басқару үдерістерін жеңілдетуге, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқық қорғау органдарының жұмысындағы ашықтықты арттыруға бағытталған қадамдар, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.