Сенаторлар Ұлттық ұлан авиациясының дағдарыстық жағдайларға дайындығын бағалады
Парламенттің жоғарғы палатасы депутаттары Ұлттық ұлан авиабазасына қызметтік сапармен келді. Сенаторлар құқықтық тәртіп әскерінің авиациялық қызметінің мүмкіндіктерін зерттеп, ұшу экипаждарының дайындық деңгейін тексерді және жедел-қызметтік міндеттерді орындауға арналған техникамен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әуе базасының командирі Дмитрий Бастер Парламент өкілдеріне авиацияның жауынгерлік дайындығы, әуе кемелерін пайдалану ерекшеліктері және әуе бөлімшесінің даму перспективалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Делегаттар назарына күрделі ауа райы жағдайларында және тәуліктің қараңғы уақытында іздестіру-құтқару, медициналық және көлік міндеттерін орындауға қабілетті көпфункционалды Ми-171Е тікұшағы ұсынылды. Тікұшақ экипажы қиын жағдайда тапсырмаларды орындауда үлкен тәжірибеге ие.
Мәселен, өткен жылы еліміздегі су тасқыны кезінде Ұлттық ұланның әуе кемелері қажетті ресурстарды тасымалдау және қол жетпейтін аудандарда көмек көрсету үшін белсенді пайдаланылды. Ұлттық ұланның ұшқыштары тәулік бойы ТЖ аймақтарына ұшып, адамдарды құтқаруға, дәрі-дәрмектерді, азық-түлік пен қажетті заттарды су құрсауында қалған аудандарға жедел жеткізді.
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков авиациялық күштердің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
- Ұлттық ұланның авиациясы дағдарыстық жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Біз әуе флотын жаңғыртуды жалғастырамыз және ұшу құрамының біліктілігін арттыруға ерекше назар аударамыз, - деді ол.
Сапар аясында халық қалаулылары әскери бөлімнің мұражайына барып, инженерлік-техникалық және ұшу құрамының қызмет ерекшелігімен танысты, сондай-ақ авиацияны қамтамасыз ету мен одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Сенатор Андрей Лукин әскери-авиациялық қызметтің маңыздылығына тоқталды.
- Ұландықтар жауапты міндеттерді орындау кезінде жоғары кәсібилік танытады. Сенат Ұлттық ұланның авиациялық құрамдас бөлігін дамыту жөніндегі бастамаларын алдағы уақытта да қолдайтын болады, - деді Андрей Лукин.
Ұлттық ұлан авиациясы бұған дейін халықаралық жаттығуларда, қылмысқа қарсы операцияларда және гуманитарлық көмекті әлемнің әртүрлі аймақтарына жеткізу миссияларында өз кәсібилігін дәлелдегенін атап өткен жөн.