«Сергек» камераларының көмегімен қару алып жүрген шымкенттік анықталды
«Сергек» камераларының көмегімен қару алып жүрген шымкенттік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған жайт 21 қарашада сағат 04:00 шамасында Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының «Сергек» бейнебақылау камерасына түскен. Бұны орталықтың қызметкерлері көріп, шұғыл кезекші бөлімі арқылы патрульде тұрған тәртіп сақшыларына нұсқама берген.
Патрульдік полиция полкінің 6-рота инспекторлары Е.Есалиев пен Т.Нұрдәулет алған хабарламаға сәйкес, оқиға орнына жедел жетіп, күдік тудырған азаматты тексеру барысында қаруға ұқсас заттың бар екені анықталып, айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды. Содан оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақырды.
Әл-Фараби АПБ-нің қызметкерлері ҚР ҚК-нің 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) тіркеді.
Қазіргі таңда сараптама тағайындалды. Ұсталған азаматқа қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған.