Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сертке адал, сезімге берік: ерлі-зайыпты полицейлердің қызметтік жолы

Полиция қызметкері болуды бала кезден армандаған бозбала мен бойжеткен тағдырдың тоғысымен М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының табалдырығын бірге аттап, өмірлерінің жаңа тарауын бірге жазуды бастады. Олар туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Оқу орнында қатар білім алып, бір-бірін жақынырақ тани түскен курсанттар — Жанібек пен Сайран арасындағы достық сезім уақыт өте келе шынайы махаббатқа ұласты. Үміт пен сенімге толы жас жүректер ақыры отбасын құрып, сүйіспеншілік пен өзара түсіністікке негізделген шағын шаңырақ көтерді.

Оқуды үздік тәмамдаған ерлі-зайыпты жас мамандар бүгінде қоғам игілігі үшін әр салада абыроймен қызмет етіп жүр. Жанібек — Ақтөбе облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасында жедел уәкіл болып жұмыс істейді. Ол — өз ісіне адал, тәртіп пен әділдікті ту еткен білікті маман.

Сайран болса, білім алған қарашаңырағы — М.Бөкенбаев атындағы заң институтында тәрбие жұмысы бөлімінде инспектор қызметін атқарады. Балалық шақтан өнерге құштар болған ол бүгінде ән әлемінде өзіндік орны бар, шығармашылықпен қанаттанған нәзік жан.

Шагировтар отбасы бүгінде екі бүлдіршін — Жұлдыз бен Жанәліні тәрбиелеуде. Қыздары Жұлдыз би үйірмесіне қатысып, жетістіктерімен ата-анасын қуанышқа бөлеп жүр.

Қызметте – сенімді серіктес, отбасында – жарасымды жұп болған Жанібек пен Сайран бір-бірін әрдайым қолдап, қоғам тыныштығы жолындағы қызмет пен отбасы құндылықтарын үйлестіре білді. Олар үшін полиция формасы — жай киім емес, халық алдындағы жауапкершілік пен адалдықтың, антына берік болудың айқын белгісі.

Бұл — арманнан бастау алған, махаббат пен міндетке адалдықпен өрілген өмір жолының шынайы үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру