Сезім емес, есеп: ІІМ желідегі алаяқтар туралы ескертеді
ІІМ әлеуметтік желідегі алаяқтар туралы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Желі қолданушыларының кейбірі өздерін махаббат іздеп жүрген шетелдіктер ретінде көрсететін алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатыр. Мұндай алдамшы онлайн махаббаттың соңы тек жаралы жүрек пен бос әмиянға әкеп соғады.
Әдемі таныстық, романтикаға толы сөздер, кездесу туралы уәде, тіпті үйлену жайлы арман-мақсаттар... Бірақ кейін әңгіме барысында қиындықтардың туындағаны туралы айтылады. Түрлі сылтаумен ақшалай көмек алуға ұмтылады.
Осындай схемаға алданған Астана қаласының тұрғыны өзімен интернет арқылы сөйлескен адамға сеніп, тоғыз миллион теңгесінен айырылған.
Интернеттегі алаяқтықтың негізгі белгілері:
- ғашықтық сезімін тез білдіру;
- бейнеқоңыраудан немесе жеке кездесуден бас тарту;
- аяныш сезімін тудырып, қиын өмірлік жағдайлар туралы баяндау;
- ақша, құжаттар немесе бағалы заттарды жіберуді сұрау.
ІІМ азаматтарға бейтаныс адамдарға сене бермеуге, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, әрдайым ақпаратты мұқият тексеруге кеңес береді.
— Күдік туындаған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласыңыз, — деді ведомствода.