Шабыт пен тәртіп үндестігі: Ұлттық ұланның мәдени майдандағы шеберлері
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында әскери қызметтің қатаң тәртібімен қатар, өнер мен шабытқа толы шығармашылық әлем де қатар өрбіп келеді. Мұнда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, жауынгерлік рухты көтеруге бағытталған кәсіби музыканттар, әртістер мен хореографтар қызмет етеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1992 жылы құрылған Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі еліміздің мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ансамбль құрамында еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары бар. Ұжымның репертуары патриоттық әндерден бастап, халық әндері мен күйлерге, заманауи аранжировкадағы композицияларға дейін кең ауқымды қамтиды. Бұл туындылар әскер мен қоғам арасындағы мәдени байланысты нығайта отырып, көрермендердің назарын баурайды.
Ұлттық ұланның Үлгілік-көрсетімді оркестрі де еліміздің жетекші музыкалық ұжымдарының бірі болып табылады. Оркестр Жоғарғы Бас Қолбасшының қатысуымен өтетін мемлекеттік рәсімдерден бастап, халықаралық фестивальдерге дейін белсенді қатысады. Репертуарында саптық шерулерден бастап, классика мен эстрада шығармаларына дейінгі туындылар бар.
Бүгінде Ұлттық ұланның шығармашылық ұжымдары Қазақстанды халықаралық аренада абыроймен таныстырып, мәдениет пен өнер саласында маңызды рөл атқаруда. Олар тек әскери әртістер ғана емес, сонымен қатар кәсіби шеберлікті, талант пен Отанға деген адалдықты қамтыған мәдени майданның батыл қорғаушылары.