Шахтинскіде 63 жастағы тұрғын абаттандыру ережелерін бұзған
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жүк көлігі жүргізушісінің қалдықтарды, ағаш кесінділері мен бұтақтарды рұқсат етілмеген орынға тастап жатқаны түсірілген видео анықталды. Шахтинск полицейлері құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шаралар жүргізу нәтижесінде Шахтинск қаласының полицейлері санитарлық нормалар мен абаттандыру ережелерін елемеген жүргізушінің жеке басын анықтады. Тасталған қалдықтар аумақтың көркін бұзып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні айқын.
63 жастағы құқық бұзушы өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта барлық қоқыс шығарылды және бұзылған экожүйе қалпына келтірілді.
Полиция қызметкерлері азаматтарды абаттандыру ережелерін сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.