Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шахтинскіде жаңа жедел басқару орталығы ашылды

Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқын ала түсуде. Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, облыс орталығына жақын орналасқан қалаларда шағын жедел басқару орталықтары кезең-кезеңімен ашылып жатыр. Соның бірі – Шахтинск қалалық полиция бөлімінде іске қосылған жаңа жедел басқару орталығы, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел басқару орталығының ашылуына полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов арнайы қатысып, оның жұмысымен танысты. "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыруды мақсат еткен орталық заманауи талаптарға сай жабдықталған және қала аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта орталыққа қала бойынша орнатылған 311 бейнебақылау камерасы қосылған. Сондай-ақ 12 мектеп пен 13 балабақшаның барлық бейнекамерасы бірыңғай жүйеге біріктіріліп, полиция қызметкерлері тәулік бойы онлайн бақылау жүргізеді.

Шахтинск қалалық полиция бөлімі кезекші бөлімінің бастығы Ерасыл Дүйсекеевтің айтуынша, орталықтың тиімділігі айқын көрініп отыр.

- Бүгінгі күні тәртіпті сақтау мен қылмысты дер кезінде ашуда жедел басқару орталығының рөлі ерекше. Осы орталықтың көмегімен 80-нен астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, бірқатар қылмыс ашылды. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік ең басты міндеттердің бірі болып қала береді, — деді ол.

Орталықтың жұмысын бағалаған департамент басшысы қала полициясына бейнебақылау желісін одан әрі кеңейтіп, адамдар көп жиналатын орындарға жасанды интеллект технологиясымен жабдықталған интеллектуалды камералар орнату жөнінде тапсырма берді.

Жұмыс сапары барысында Негмет Исмагулов қалалық полиция бөлімінің жеке құрамымен де кездесіп, қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды саралады. Ол құқық бұзушылықпен күрес бойынша нақты міндеттер қойып, тәртіп сақшыларына қоғамдық орындар мен көшелердегі тәртіпті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

- Ең басты міндет – қоғамдық орындарда құқықбұзушылыққа жол бермеу. Бұл бағытта барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар тұрғындар арасында интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейту қажет, — деді департамент бастығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру