Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шаршау – жол үстіндегі қауіптің бастауы: полиция жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Алматы облысында полиция жүргізушілерге шаршағандағы қауіпсіздік ережесін түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысының полицейлері жүргізушілердің шаршауына байланысты болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды жалғастыруда. Өңірдегі көлік көп жүретін жолдарда тәртіп сақшылары көліктерді тоқтатып, медицина қызметкерлерімен бірге жүргізушілерге шаршаған кезде қауіпсіз жүрудің қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерін еске салды.

– Кішкене шаршаған немесе зейінді жолдан жоғалтқан кезде дереу тоқтау керек. Дәл осындай сәттерде жүргізушілер өмірге қауіп төндіретін қателіктер жібереді, – деп атап өтті полицейлер.

Полицейлер жүргізушілерге сергіп алу үшін жуынуға салқын су мен бір стақан қою кофе ұсынып, дәрігерлер қан қысымы мен тамыр соғуын, жалпы күш-қуатын сол жерде жедел тексеруден өткізді. Нәтижесінде әрбір жүргізушіге қажет болған жағдайда үзіліс жасауға немесе тіпті медициналық көмекке жүгінуге кеңес берді.

Мұндай профилактикалық рейдтерде көлік жүргізу кезінде ұйқымен күресудің тиімді жолдарын үйретуге ерекше көңіл бөлінеді. Полиция қызметкерлері мен дәрігерлер жүргізушілерге дүние жүзінде қолданылатын ең тиімді әдістер туралы айтып берді.

Шиацу нүктесінің массажы

– Жэнь-чжун нүктесі (мұрын мен үстіңгі ерін арасында) — энергияны жоғарылатады;

– бас сүйегінің түбіндегі және құлақ артындағы нүктелер – мидағы қан айналымын арттырады;

– құлақ қалқаны мен саусақ ұштарын уқалау – тонусты тез көтеруге көмектеседі.

20-20-20 ережесі

Әр 2 сағат сайын кем дегенде 20 минут үзіліс жасаңыз. Осы уақыт ішінде көліктен түсіп, серуендеп, керіліп, тыныс алу жаттығуларын жасай аласыз.

Тыныс алу жаттығуы әдісі (4-4-4)

4 секунд терең тыныс алып, деміңізді 4 секунд ұстап, 4 секундта дем шығарыңыз. Миды оттегімен қанықтыру үшін бірнеше рет қайталаңыз.

Суық су ұйқыны ашады

– суық сумен жуыну;

– мойын мен бастың артқы жағын дымқыл шүберекпен сүрту;

– бастың артқы жағына салқындатқыш спрейлер немесе компресстер қолдану.

Көлік жүргізу кезінде ароматерапия

албыз, эвкалипт, цитрус майлары – тіпті майлыққа бір-екі тамшы тамызсаңыз да ұйқыдан оятуға көмектеседі.

Дауыстап сөйлесу және тыңдау

Жолаушылармен тілдесіп, ән айтып, динамикалық сөйлеу ырғағы бар подкасттар тыңдау, тіпті терезенің сыртында болып жатқан оқиғаларға түсініктеме беру миды белсендіреді. Баяу әуендер емес, көңілді ырғақтар зейінді арттырады.

Бұл әдістердің барлығы көмекші құрал екенін есте ұстаған жөн. Яғни, түнгі ұйқыны алмастыра алмайды. Көлік жүргізу кезінде ұйқы кенеттен пайда болуы мүмкін екенін ұмытпаңыз: тасжолда 90 км/сағ жылдамдықпен жүретін 3–5 секундтық қысқа ұйқы 100 метрден астам жолды ессіз жүріп өту деген сөз.

Құрметті жүргізушілер! Өз күшіңізді асыра бағаламаңыз. Асығыс болсаңыз да, өзіңіздің және басқа азаматтардың тағдырын тәуекелге тікпеңіз. Шаршасаңыз, тоқтап, кем дегенде 15–20 минут ұйықтап немесе рөлді басқа біреуге тапсырған дұрыс. Есіңізде болсын, өмір бәрінен маңызды. Жолда қырағы болыңыз — қауіпсіздік сізден басталады.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру