Шартты жазасын өтеуден жалтарған өскемендік бас бостандығынан айырылды
Өскемен қаласында сот үкімімен қоғамдық жұмыстарға тартылған ер адам жаза өтеуден жалтарғаны үшін нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға студенттер қалашығы маңында басталған. Күдікті ағаштарды суретке түсіріп жүрген бейтаныс адамды байқап, оны есірткі жасырушы деп ойлаған. Бұл қателік жанжалға ұласып, арты төбелеспен аяқталған.
Сот оны қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа міндеттеді. Алайда сотталған азамат белгіленген мерзімде жұмыстарды орындауға кіріскен жоқ. Ол мұны үйіндегі пешті жағып, қазандықты жылыту қажеттігімен түсіндірген.
Пробация қызметінің инспекторлары оған жаза өтеу тәртібі мен шарттарын бірнеше рет түсіндірді. Бірақ ол ескертулерді елемей, қоғамдық жұмыстарға да, есепке тұру үшін пробация қызметіне де келмеді. Тіпті, сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде пробацияға тіркелмегендіктен, күштеп жеткізілді.
Оның бұл әрекеті өтелмеген қоғамдық жұмыс мерзімінің 25 тәулік қамауға ауыстырылуына себеп болды.
– Қоғамдық жұмыстарды ұят деп қабылдауға болмайды. Бұл – адамға қоғамға пайдасын тигізіп, түзелуіне берілген мүмкіндік. Сот шешімін орындаудан жалтару ақыры бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін, – деп атап өтті Өскемен қаласы бойынша ҚАЖД пробация қызметінің инспекторы Әсел Шабалова.
Айта кетерлігі, сотталған азамат есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделуге де кіріскен жоқ.