Шекарадағы жүк көліктер: полиция тәртіпті қамтамасыз етіп, жүргізушілерге көмек көрсетуде
Ақтөбе облысындағы "Жайсан", Солтүстік Қазақстан облысындағы "Жаңа жол" және Атырау облысындағы "Бөкей хан" шекаралық бекеттерінде ондаған жүк көліктер мен рейстік автобустар Ресей Федерациясына кіру кезегін күтіп тұр. Мұнда полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, көлік ағынын реттеп, жүргізушілерге көмек көрсетуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған аумақтарда патрульдік экипаждар мен учаскелік инспекторлар жұмыс істеп жатыр. Олар жүргізушілерге кеңес беріп, жағдайды бақылауда ұстап, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Басқа өңірлерде жағдай тұрақты, өткізу бекеттері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Еске сала кетсек, 30 маусымнан бастап Ресей Федерациясымен шекаралас кейбір бақылау-өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің жиналуы байқалуда. Кептелістің бір себебі – көрші елге кірудің жаңа талаптары.
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді сабыр сақтап, тәртіпті бұзбай, полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға шақырады.