Шекарадан өтпек болған Өзбекстан азаматынан есірткі табылды
Шекарадан өтпек болған Өзбекстан азаматынан есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, шетелдік азаматтардың бірін бекеттен өткізу кезінде «Пират” атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан.
Өз кезегінде шекарашылар туған жеріне бет алған Өзбекстан азаматын ұстап, жедел-тергеу тобын шақырған. Жедел уәкілдер күдіктіні тінту кезінде шалбарының оң жақ қалтасынан құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар полиэтилен түйіншегін тауып, тәркіледі.
Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі заты «кептірілген марихуана» болып шықты.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша СДТБТ-де тіркелді. Ер адам қамауға алынды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.