Шектеулі кеңістіктегі шексіз үміт: темір тордағы шебердің арманы
Қызылорда қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген азамат қарапайым моншақ жасаумен айналысып, өміріне жаңа бағыт беруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысы үшін 7 жылға сотталған ол бүгінде үш жылдан бері бос уақытын ұқыпты еңбектің бір түріне – моншақ өнеріне арнап келеді.
- Моншақ жасауға көп нәрсе қажет емес. Тіпті түрлі-түсті бос пластикалық бөтелкелер де жеткілікті. Солардың өзінен көздің жауын алатын әдемі әшекейлер жасауға болады, – дейді сотталған.
Шебердің айтуынша, бұл жұмыс күрделі болмағанымен, үлкен сабыр мен ептілікті талап етеді. Әр моншақ майшамның көмегімен ерітіліп, қолмен дөңгелетіліп жасалады. Нәтижесінде мойынға тағуға лайық ерекше бұйымдар бір-екі күнде дайын болады.
Темір тордың ар жағында болса да, ол өз ісін ерекше құлшыныспен істейді.
- Бұл маған ұнайды. Бостандықта жүргенімде де қолөнермен айналысқан едім, – дейді шебер.
Қолөнер оған тек уақытты тиімді өткізу емес, сонымен қатар болашаққа деген сенім мен жігер сыйлап отыр. Оның қазіргі таңда ең үлкен арманы – бостандыққа шыққан соң өз зергерлік дүкенін ашу.
- Болашақта шағын дүкен ашып, отбасымды асырағым келеді. Қолымнан келетініне сенемін, - дейді ол.
Қарапайым заттан – бос бөтелкеден жасалған моншақтар арқылы ол өмірге деген үмітін, ішкі жан-дүниесін бейнелеуде. Бұл тек өнер ғана емес, бір адамның қайта түлеу жолындағы қажырлы еңбегінің бейнесі.