Шетелдік азамат синтетикалық есірткі таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Шетелдік азамат синтетикалық есірткі таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусым айында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Өзбекстанның 25 жастағы азаматын анықтап, ұстады. Жеке тінту барысында ұсталғаннан жалпы салмағы 4,88 грамм мефедрон есірткі заты салынған 11 бумасы табылып, тәркіленді.
Көлік полицейлері оның есірткіні жасырып қойып кетуші болып жұмыс істегенін, Telegram-чаттағы топ басшысынан есірткі заттары жасырылған жердің координаттарын алып, оларды ары қарай Ақтөбе қаласы бойынша таратып жүргенін анықтады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы (Аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау) бойынша жүргізілді.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Өзбекстан Республикасының азаматы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.