Шетелдік азаматша туысын тауып, кездестірген атыраулық полицейлерге алғысын білдірді
Шетелдік азаматша туысын тауып, кездестірген атыраулық полицейлерге өз алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 ақпан күні «102» арнасына Ресей Федерациясының 76 жастағы азаматшасы хабарласып, өзінің Санкт-Петербург қаласынан Атырауға туыстарын іздеп келгенін, алайда таба алмай жатқаны жөнінде хабарлама берген.
Аталған хабарлама бойынша Атырау қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция қызметкерлері Самалбек Бегалиев пен Арон Кенжебекұлы жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, іздестіру нәтижесінде Ресей азаматшасының туыстарын тауып беріп, оларды кездестірген. Полиция қызметкерлерінің кәсібилік әрекеттеріне риза болған шетелдік азаматша өз алғысын жазбаша түрде ПБ-ға жолдайды.
– Атырау қаласында туған әпкем тұратын еді. 40 жыл бойы көріспеген соң, өзім іздеп осында келдім. Алайда оның қайда тұрып жатқаның білмей туыстарымды таба алмай шарасыз күйде қалдым. Амалым қалмаған соң полиция қызметкерлерін шақыртып олардан көмек сұрадым. Полиция қызметкерлері жедел түрде менің туыстарымды тауып, олармен кездестірді. Шетел азаматшасы ретінде полиция қызметкерлерінің қырағылық қасиеттеріне тәнті болдым. Әрі менің өтінішімді жерге қалдырмай көрсеткен көмектері үшін үлкен ризашылығымды білдіремін, – дейді РФ азаматшасы.