ТЖ кезінде Қазақстанда шетелдіктердің болу ережелері қандай?
Алматы полициясы төтенше жағдай кезінде шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу ережелерін түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына кіруіне және шығуына шектеулер қойылды.
«Шетел азаматтарының көші-қоны саласындағы заңнаманы олардың ықпалынан тыс себептермен (мән-жайлармен) бұзуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы визасыз кірудің және болудың тәртібі туралы келісім жасасқан, олардың әрқайсысы әрбір күнтізбелік жүз сексен күн ішінде тоқсан күнге дейін ҚР аумағында болуды талап етеді. Көші-қон қызметтері орталығы уақытша тұруға рұқсатты 30 күнге дейін ұзартуды жүзеге асырады. ҚР әр түрлі санаттағы визалармен келген және мерзімдері аяқталған шетелдіктерді Алматы қаласының Көші-қон қызметі төтенше жағдай аяқталғанға дейін ҚР болуын созып береді», – деді, Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Асхат Бутунчинов.
Сонымен бірге, полиция шетелдік азаматтардың рұқсат етілген 30 күннің ішінде немесе виза уақыты біткен кезде Қазақстан Республикасынан шықпаса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Алайда, форс-мажорлық жағдайларға байланысты шетелдіктер уақытынан тыс кетіп қалғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.