Малшы тұрғынның малын басқа адамға беріп жіберген
Түркістан облысының полицейлері бөтеннің мүлкін талан-таражға салған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, ауыл сыртында тұратын бақташыға көктемнің алғашқы айларында төрт бас ірі қара малын күз айына дейін жалға бағуға сеніп тапсырған. Содан соң жәбірленуші азамат қазан айында малшыға барып, малдарын алып кетпек болған.
Алайда, малшы бір бас қара малын басқа адамға беріп жібергенін көрсеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 300 мың теңге.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Хабар алысымен оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері күдіктіден жауап алуға кірісті. Нәтижесінде күдікті азамат жәбірленушіден басқа тұрғындардың да малын бағумен айналысқанын анықтады. Осы орайда бір тұрғынның сиырын өлтіріп алып, орнына жәбірленушінің қара малын беріп жіберген.
Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Бас шарасы қолхатта. Орын алған оқиғаны Түлкібас АПБ-ның полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабының (Алаяқтық) тәртібінде аудандық прокуротураға жолдады.
Өз кезегінде, полиция қызметкерлері бөтен тұлғаға мал-мүліктеріңізді сеніп тапсырмас бұрын, оны жетік танып білуге шақырады. Сондай-ақ, оның тарихында осы жайтқа ұқсас құқық бұзушылықтардың болмағанына көз жеткізіп алуларыңызды ескертеді.