ШҚО аумағында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге елге кіруге тыйым салынды
ШҚО аумағында көші-қон заңнамасын бұзған 55 шетелдікке елге кіруге тыйым салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің қызметкерлері ел аумағында болу және еңбек қызметін жүзеге асыру ережелерін бұзған өзге мемлекеттердің 350-ден астам азаматын анықтады. Олардың ішінде 55 шетелдікке қатысты сот шешімімен Қазақстан Республикасына 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салынып, елден шығару шарасы қолданылды.
Полицейлер шетелдік азаматтардың тіркеу мекенжайларын, сондай-ақ қабылдаушы тараптың хабарламаларының болуын тексеру бойынша арнайы рейдтерді жалғастыруда.
Мәселен, облыстың бір ауданында жүргізілген кезекті іс-шара барысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 36 шетелдік анықталды. Барлық заң бұзушыға қатысты шара қабылданып, олар елден шығарылды. Жұмыс беруші де шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін жауапқа тартылды.
Полиция тіркеусіз тұру, қабылдаушы тараптан хабарламаның болмауы, сондай-ақ заңсыз еңбек қызметімен айналысу — заңнаманы бұзуға жататынын еске салады. Мұндай жағдайда жауапкершілік шетелдік азаматтарға да, оларға тұрғын үй немесе жұмыс ұсынған тұлғаларға да жүктеледі.