ШҚО бойынша ҚАЖД қызметкерлері ҰОС батырларын еске алды
Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ардагерлері мен жас қызметкерлері Даңқ мемориалында Ұлы Отан соғысының батырларын еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты іс-шара Отан үшін отқа түскен ардагерлер мен тылда майдан үшін жұмыс істеген тыл еңбеккерлеріне алғыс сөз айтудан басталды. Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды. Бұл шараға облыс орталығының кішкентай тұрғындары, сондай-ақ кадет мектептерінің тыңдаушылары, ішкі істер органдарына алғаш рет қызметке кірген жас қызметкерлер де қатысты.
– Біз әрдайым еліміздің тыныштығын күзеткен Отан қорғаушыларға құрмет көрсетеміз. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Біз үшін отқа түскен жандарға мәнгі тағзым етеміз! Бұл күн Отанға адал қызмет ету дәстүрлерінің сабақтастығын да бейнелейді. Біздің әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігі біздің бүгінгі күніміздің, байтақ еліміз бен жеріміздегі тыныштықтың негізі, – деп атап өтті ШҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Тілеуберген Көнекбаев.
Сонымен қатар мереке қарсаңында 20-дан астам жас қызметкер ант қабылдады. Пенитенциарлық жүйедегі қызметті жаңадан бастаған қызметкерлер халыққа, Заңға және Отанға адал болуға ант берді. Өз мансабын жаңа бастаған ҚАЖ қызметкерлері үшін бұл жай ғана сөздер емес.
– Ант қабылдағаннан кейін сіздерге артылған үміттің салмағы еселенеді. Осы сәттен бастап әрқайсысыңыз антқа адал, сертке берік болуларыңыз керек, – Т. Көнекбаев.
Бұл салтанатты іс-шараға ҚАЖ ардагерлерінің кеңес мүшелері, сонымен қатар әскери офицерлер мен олардың әріптестері шақырылды.
– Ант қабылдау тек дәстүр ғана емес, бұл қоғаммен мемлекетке қызмет ету идеологиясының негізі. Ант – бұл өз қызметіңе деген мәңгілік адалдық, – деп атап өтті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Зейнолла Өміржанұлы.