ШҚО-да 300 оқушы полиция мамандығымен танысты
ШҚО-да Глубокое ауданының 300 оқушысы полиция мамандығымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz
19 желтоқсанда ШҚО Глубокое ауданының Мәдениет үйінде мамандыққа бағдар беру жұмысы аясында мектеп оқушыларының Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шараға ішкі істер органдарында қызмет етуге қызығушылық танытқан 300-ге жуық оқушы қатысты.

ІІМ өкілі Қанат Сикебаев жүйедегі жаңашылдықтар жөнінде ақпарат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берсе, ШҚО ПД жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы, полиция полковнигі Марат Баяндинов оқушыларға ІІМ-нің оқу орындарына түсу тәртібі, оқу шарттары, әлеуметтік кепілдіктер және қызметтік өсу мүмкіндіктері туралы баяндады.

Сондай-ақ, көрсетілген бейнематериалдар болашақ мамандықтың ерекшеліктерін көрнекі түрде таныстырды. Іс-шара аясында интерактивті көрме ұйымдастырылып, онда мұражай экспонаттары, арнайы құралдар, қару-жарақ пен қызметтік техника таныстырылды. Қатысушыларға қызметтік итпен кинолог пен криминалистердің жұмысы да көрсетілді.
Сонымен қатар оқушылар викторинаға қатысып, белсенділік пен қызығушылық танытты. Аталған кездесу оқушыларға полиция қызметімен жақын танысуға мүмкіндік беріп, болашақта кәсіби бағыт ретінде қарастыруға жол ашты.
