ШҚО-да 49 жолаушы мінген автобус жолда бұзылып қалды
ШҚО-да 49 жолаушы мінген автобус жолда бұзылып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 ақпанда ШҚО ПД ППБ экипажының екінші ауысымына қызметке түскен полицей Медет Дәулетханұлы мен Эльдар Бектімбаевқа сағат 22:00-де Өскемен – Алматы Республикалық маңызы бар автожолының 85 шақырымындағы Жарма ауданы Сұлусары ауылының маңында жолаушы толы автобустың бұзылып қалғанын айтып, ер адам көмек сұрап хабарласқан.
Аталған хабарлама бойынша тасжолға дереу көмекке шыққан тәртіп сақшылары жол жиегінде тұрған көлік құралын тапқан.
54 жастағы жүргізушінің айтуынша, ол Өскеменнен Алтай қаласы – Ақтоғай кенті бағыты бойынша жолға шыққан, кенеттен түнде электр бөлігінде гидравликалық жүйеден ақау шығып, соның салдарынан көлік есіктері жабылмай қалған. Бір мезетте автобус аңырап кеткендіктен, автобус жолаушылары тоңа бастаған.
Жүргізуші ақауды өз бетінше жөндеуді тырысқан. Көлік салонында 49 жолаушы болған. Кейін анықталғандай, олардың барлығы Ақтоғай кентіндегі байыту фабрикасына жұмысқа бара жатқан.
Оқиға туралы кезекші бөлімге хабарлай отырып, ТЖД қызметкерлері келгенге дейін полиция жүргізушіге автокөлікті жөндеуге көмек көрсетіп, тоңған адамдарды жылытуға бар күштерін салған. Осы уақытта жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлаған.
38 жастағы ер адамда эпилепсия белгілері болған. Полиция қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырып, ер адамның жағдайын бақылап отырды.
ТЖД қызметкерлері келген соң барлық жолаушылар Қалбатау ауылына жеткізілді, онда Жарма ауданы әкімдігі спорт кешеніне орналастырылды. Осы уақытта науқасқа жедел жәрдем көлігі келді.
Жүргізуші автобустың есіктерін ішінен бекітіп, ең төменгі жылдамдықпен Қалбатауға жетуге шешім қабылдап, кейін техникалық ақау жойылған.