Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да 60 жастағы сотталған азамат алғаш рет жеке куәлігін алды

ШҚО-да пробация есебінде тұратын 60 жастағы сотталған азамат алғаш рет жеке куәлігін алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол 2019 жылы әйелін ұрып, денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін төрт жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған. 2019 жылдан бастап ауыр қылмыс жасағаны үшін Глубокое ауданының пробация қызметінің есебіне қойылған.

– Осы уақытқа дейін 60 жастағы азаматта туу туралы куәлік пен әскери билеттен басқа, оның жеке басын куәландыратын құжаттары болған жоқ, өйткені ол 2000 жылдардың басында 1975 жылғы үлгідегі паспортын жоғалтып алған. 2020 жылдың маусым айында сотталған азамат пробация қызметіне құжаттандыру түріндегі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді сұрап жүгінді. Мән-жайды анықтау барысында аталған азаматтың 1993 жылдан 2003 жылға дейінгі кезеңде Ресей Федерациясында тұру фактісі анықталды. Осыған байланысты оған көші-қон қызметкерлеріне Ресей Федерациясының консулдығынан Ресей азаматтығының болуы немесе болмауы туралы анықтама ұсыну қажет болды, – деді ШҚО бойынша ҚАЖД бастығы Жанболат Қалетаев.

– Маған РФ консулдығынан анықтама алу және сұрау салу жіберу үшін 70000 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет екенін айтты. Менде ондай ақша болған жоқ. Өйткені, мен жалданып жұмыс істеймін, күнделікті тамаққа ғана ақша табамын, – деді сотталған азамат.

– Пробация бөлімінің қызметкерлері Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстан халықаралық бюросының Шығыс Қазақстандағы филиалының қызметкерлеріне хабарласып, олар мемлекеттік баж салығын төлеуге көмектесті. Алайда, короновирустық инфекцияға байланысты анықтама беру және алу процесі 2020 жылдың қарашасына дейін созылды. Аталған азаматта Ресей азаматтығының жоқтығы туралы анықтама алғаннан кейін, 2020 жылдың желтоқсан айының соңында оның құжаттары жеке куәлік ресімдеуге жіберілді, – деді Жанболат Қалетаев.

– Маған жеке куәлік берілгеніне өте қуаныштымын. Енді ресми түрде жұмысқа орналаса аламын, зейнетақы аударымдарым болады. Мен енді медициналық мекемеге тіркеуге тұрамын, бұрын ЖСН болмағандықтан тіркеле алмадым. Бұған дейін маған ешкім көмектескен жоқ, пробация қызметкерлеріне көмектері үшін үлкен рахмет айтамын, – деді сотталған азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру