ШҚО-да ағаштарды заңсыз кесу фактісі анықталды
Шығыс Қазақстан облысында ағаштарды заңсыз кесу фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылғы 20 қазан мен 19 қараша аралығында облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Ағымдағы жылдың 28 қазанында Тосқайың ауылы аумағында жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде орман шаруашылығынан самырсын тұқымды ағаштарды заңсыз кесу фактісі анықталды, олардың жалпы көлемі 102 текше метрді құрады. Келтірілген шығын сомасы 590 мың теңгеден асты.
– Тексеріс барысында ұрланған ағаштарды сатуды жоспарлаған Күршім ауданының 39 жастағы тұрғыны анықталды, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 340-бабы 2-бөлігіне сәйкес (Айтарлықтай залал келтіре отырып, орман қорына кіретін ағаштарды және бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау) сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды.
Жедел профилактикалық алу іс-шарасы барысында облыс көлемінде барлығы 300-ге жуық рейдтік іс-шаралар өткізілді. Онда 511 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық, оның ішінде жеті ағашты заңсыз кесу фактісі анықталды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.