ШҚО-да анасы бір жыл бойы көрмеген ұлымен қауышты
ШҚО-да анасы бір жыл бойы көрмеген ұлымен қауышты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпан айының басында Глубокое ауданының полиция бөліміне аудан орталығының 53 жастағы тұрғыны 30 жастағы ұлын іздеуге көмек сұрап жүгінді.
Өтініш берушінің айтуынша, бір жыл бұрын ер адам Өскемен қаласына жұмысқа кеткен, осы уақыт ішінде олар бір-бірімен телефон арқылы хабарласып тұрған. Алайда ұлы бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпаған және телефоны үнемі өшірулі болған.
Глубокое АПБ көші-қон қызметінің қызметкерлері бір ай бойы жоғалған адамды іздестіріп, оның жұмыс орны мен Өскемен қаласындағы тұрғылықты жерін анықтаған.
Белгілі болғандай, іздестіріліп жатқан азамат қаладағы құрылыстардың бірінде жұмыс істеп жүріп, ұялы телефонын жоғалтып алған екен, сол себепті туыстарымен байланысқа шыға алмаған. Іздеу жұмыстары нәтижесінде, анасы ұлымен қауышты.
Өз кезегінде ақ жаулықты ана полицейлерге көрсеткен көмегі үшін ақ батасын беріп, алғысын білдірді.
Жыл басынан бері көші-қон қызметінің қызметкерлері туыстық байланыстарды жоғалту бойынша 20-дан астам өтінішті қарады.