ШҚО-да ауқымды экологиялық акция жалғасып жатыр
Шығыс Қазақстан облысында "Аңшылар мен балықшылар — таза табиғат үшін" атты экологиялық акция жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусым айының басынан бері полиция қызметкерлері, аңшылық және балық шаруашылықтарының өкілдері, сондай-ақ табиғатқа бейжай қарамайтын тұрғындар бірлесіп, қоршаған ортаның тазалығын сақтау мақсатында жұмылуда.
Акция аясында Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының жағалау аймақтарына ерекше назар аударылды. Су айдындарының маңындағы аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Патрульдік бақылау мен тазалау шараларына полиция қызметкерлері, инспекторлар, балық шаруашылығы мамандары, сондай-ақ бес қайық тартылды. Нәтижесінде 12,8 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылды.
Сонымен қатар облыстағы аңшылық алқаптарда сенбіліктер ұйымдастырылды. Іс-шараға аңшылық алқаптарды қорғаушылар, аңшылар мен балықшылар белсене қатысты. Тазарту жұмыстары мемлекеттік те, жекеменшік аңшылық алқаптарда да жүргізіліп, нәтижесінде тағы 5,3 тонна қоқыс жиналды.
Акция өз жалғасын табуда. Оның басты мақсаты — табиғатқа жанашырлықпен қарап, ұқыпты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру. Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, қоқыс тастамау, өзінен кейін тазалық қалдыру және табиғатты құрметтеу — әр азаматтың азаматтық парызы екені туралы еске салады.