ШҚО-да балалар мен ҚАЖД қызметкерлері спорт алаңында бас қосты
ШҚО-да балалар мен ҚАЖД қызметкерлері спорт алаңында бас қосты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласында №24 түзету мекемесінің ұйымдастыруымен өткен "Көңілді старттар" спорттық жарысы шынайы қуаныш пен бірлік мерекесіне айналды. Шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, балалардың көңілін көтеріп, оларға ұмытылмас әсер сыйлау болды. Бұл туралы мекеме бастығының орынбасары Саяхат Шәріпов атап өтті.
Спорт алаңына жиналған ата-аналар мен балалар бес командаға бөлініп, өзара жарысты. Қатысушылар шапшаңдық, тапқырлық пен ұйымшылдық танытып, командалық рухтың үлгісін көрсетті. Әсіресе, "Үміт" балалар үйінің 15 жастағы тәрбиеленушісі Асанат Шоинбаевтың ҚАЖД қызметкерлері құрамында өнер көрсетуі көпшіліктің назарын аударды. Қатысушылар мен көрермендер арасындағы қолдау мен бірліктің әсері Асанаттың да бойынан сезіліп тұрды.
Мерекелік шара соңында балаларға тәтті сыйлықтар таратылып, көңілді аниматорлар ерекше шаттық сыйлады. Осындай игі бастамалар балалар мен ересектер арасындағы достықты нығайтып, қоғамдағы әлеуметтік байланысты арттыра түсетіні сөзсіз.